Кеңгірбай би ауылында балаларға арналған демалыс лагері бой көтеріп келеді
Абай ауданындағы Кеңгірбай би ауылында балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған жаңа лагерьдің құрылысы қарқынды жалғасуда. Бұл нысан ауыл балаларының бос уақытын пайдалы өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.
Бүгінгі таңда лагерь ғимаратының қасбеті толықтай кірпішпен қапталып, ішкі қабырғаларды тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар аула аумағында асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның сыртқы келбеті айқындала түсті.
Алдағы кезеңде ішкі әрлеу жұмыстары басталып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынады. Сондай-ақ лагерь аумағын көгалдандыру мен абаттандыру жоспарланған. Бұл жұмыстардың барлығы жазғы демалыс маусымына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта нысанда 11 құрылысшы еңбек етуде. Жалпы құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған.
Жоба іске қосылған соң ауыл және көршілес елді мекендердің балалары үшін жаңа демалыс және шығармашылық алаңы пайда болады. Бұл бастама – өңірде балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.