Аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімов Озерки ауылдық округінде тазалық жұмыстарын бақылап шықты
Бүгін Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов жұмыс сапарымен Озерки ауылдық округіне қарасты Күшікбай бекетінде болып, жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарын тексерді.
Сапар барысында жеке кәсіпкерлермен кездесіп, ең алдымен санитарлық және экологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл аумағында тұрмыстық қалдықтарды жүйелі түрде шығару, жол жиегіндегі қоқыс тазалығын қамтамасыз ету және елді мекеннің жалпы көріктенуіне бағытталған жұмыстарды бірлесе жүргізу мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі кәсіпкерлермен өзара ынтымақтастықты нығайтып, тазалық мәдениетін қалыптастыру – баршаның ортақ міндеті екенін баса айтты.
Сондай-ақ, Қарауылға апаратын тас жол бойындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстарына қатысты тиісті мекемелер мен ауылдық округ әкімдігіне нақты тапсырмалар берілді.
Нұржан Әбдікәрімов табиғатты қорғау мен елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде бақылауда болатынын атап өтті.
 
    


