Жаңасемей ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті
Жаңасемей ауданының әкімдік қызметкерлері Озерки ауылдық округінде сенбілік жұмыстарын ұйымдастырды. Экологиялық тазалыққа бағытталған шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткізілді.
Іс-шараға аудан әкімі мен аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдігі, мекеме қызметкерлері және жергілікті тұрғындар белсене қатысты. Сенбілікке қатысушылар ауыл маңындағы көшелер мен қоғамдық аумақтарды, сондай-ақ елді мекен сыртындағы аймақтарды күл-қоқыстан тазартып, табиғи ортаны абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Жұмысқа арнайы техника мен жүк көліктері жұмылдырылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар белгіленген орындарға шығарылды. Тазалық жұмыстары үйлесімді түрде ұйымдастырылып, ауылдың келбеті айтарлықтай жаңарды.
Аудан әкімі экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және табиғатты аялаудың маңыздылығын атап өтіп:
«Таза орта — салауатты қоғамның негізі. Мұндай сенбіліктер арқылы біз тек қана қоршаған ортаны тазартпай, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілік сезімін де арттырамыз», – деді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер аудан аумағында жүйелі түрде жалғасады. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және ауылдық жерлердің тазалығын сақтауға зор үлес қосуда.
Табиғатты аялау — баршамыздың ортақ борышымыз!



