Семейде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сапалы жүргізу керек — Үкімет басшысы
Абай облысына сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Семей қаласындағы «Ғаббасов» қазандығын реконструкциялау барысымен танысты, сондай-ақ Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірге барды.
«Ғаббасов» қазандығы Семейдің орталығында орналасқан. Қысқы маусымда 66 көпқабатты және 138 жеке тұрғын үйді, 39 бюджеттік мекемені, 10 әлеуметтік және 140 коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қазір мұнда қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, жаңа жылыту кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
Премьер-Министр қаланы жылумен қамту мәселелерін шешу үшін Өңірді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін реконструкциялау бойынша 11 жоба енгізілгенін айтты. Атап айтқанда, «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын реконструкциялау жылу режимін жақсартуға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және жылу шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
«Семей қарқынды дамып келеді. Халық саны артып, жаңа объектілер мен тұрғын үйлер салынып жатыр. Нәтижесінде, қаладағы жылыту көздеріне түсетін жүктеме жылдан жылға арта түседі. Биыл «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қалпына келтіруге бюджеттен 1 млрд теңге, жылу желілеріне 3,5 млрд теңге бөлінді. Әкімдік келесі жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі керек», — деді Әлихан Смайылов.
Ол бүгінде ЖЭО-3 салу мәселесі пысықталып жатқанын айтып, жобаны әрі қарай қаржыландыру үшін осы жылы техникалық-экономикалық негіздемені аяқтау маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ Премьер-Министр Семей қаласының символына айналған Ертіс өзеніндегі аспалы көпірге барды. Оның ұзындығы – 1086 метр, ені – 35 метр. Көпір 2000 жылдың күзінде пайдалануға берілді, бұл қала ішіндегі және еліміздің күре жолдарындағы қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта объектіні кешенді реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарланған.
Әлихан Смайылов Семейдің стратегиялық көлік бағыттарының торабында орналасқанын, сондықтан жол сапасын арттыру қаланың және бүкіл өңірдің дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Биыл бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Әкімдік жоспарланған барлық жобаның уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі керек. Жалпы Үкімет Абай өңірін дамыту бойынша бес жылдық кешенді жоспар бекітті. Оның аясында өңірдің одан әрі дамуына серпін беретін тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және салу бойынша іс-шаралар қарастырылған», – деді ол.
Сондай-ақ Үкімет басшысына Семей қаласының бас жоспары және қаланың сол жағалауындағы 72 гектар аумақтағы ескі үйлерді сүру және оның орнына салынатын құрылыс жұмыстары туралы шаралар таныстырылды.