«Көркейген өлке — Көкпекті» фестивалі аясында аудандық мәдениет үйінде концерт өтті
Шілденің 11-і күні «Көркейген өлке — Көкпекті» фестивалі аясында Қ. Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде рухани құндылығы жоғары концерт өтті. Іс-шараға Көкпекті ауданы әкімдігінің арнайы шақыруымен Семей қаласынан келген Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы қатысып, Абай Құнанбайұлы мен Шәкірім Құдайбердұлының өміріне қатысты қойылым қойды. Қойылым көрерменді рухани әлемге жетелеп, ұлы ақынның өміріндегі маңызды кезеңдер мен ойларын тереңінен таныстырды. Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының қазіргі басшысы Амангелді Талғатбекұлы Бахтиновтың Көкпекті ауданының тумасы екені ерекше аталды.
Концерт барысында арнайы шақыртумен келген меймандар арасында әнші, Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, әнші, ҚР мәдениет қайраткері Миргүл Нұрмұхамбетова өнер көрсетті. Сонымен қатар, Семей қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары концертке өз үлестерін қосты. Аудан тумасы, ұзақ жылдар бойы Қ. Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде қызмет атқарған әнші Арсылан Шапатов арнайы келіп, туған жеріне әннен шашу шашты.
Концерт барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері, Тоянкенов Нұрлан Болатбекұлының жетекшілігімен, өз өнерлерін ортаға салып, сахнаның сәнін келтірді. Қ. Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің ұжымы — өнерге адалдықпен қарап, кәсібилігі мен ынтымағымен көрерменге сапалы өнер ұсынып жүрген шығармашыл жандар. Олар «Көркейген өлке — Көкпекті» фестивалінің жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосты.
Концерттің сәтті өтуіне сахналық көріністердің талғаммен дайындалуы, музыкалық аппараттардың тұрақты жұмысы, жүрекке жылы әсер қалдырған музыкалық нөмірлер мен би өнері маңызды рөл атқарды. Бұл — мәдениет үйінің ұжымы кәсібилігінің, ынтымағының және шығармашылық қарқынының айғағы.
Осындай ұйымшыл ұжым барда Көкпектінің руханияты биіктей бермек. Көкпекті халқы арнайы алыстан келген өнер майталмандарына шынайы алғысын білдірді. «Көркейген өлке — Көкпекті» фестивалінің бастамасы дәл осы салмақты және рухани мәні терең концертпен берік бастау алды.