Бос орындар жәрмеңкесі: педагогика, экономика, аграрлық және техникалық бағыттар
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру мәселесі осы қоғамдағы адами фактор мәселесімен тікелей байланысты, себебі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жастар мен құзіретті мамандар ғана қоғамның өркендеп дамуына елеулі үлес қоса алады. Дәл осы ұранмен Шәкәрім университетінде жұмыс берушілер мен түлектерді бір аланға шоғырланды және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту мақсатында дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі – 2023» өтті.
Жәрмеңке жұмысына әкімдік, білім басқармалары, жұмыспен қамту орталықтары, Абай және Шығыс Қазақстан білім бөлімдері, білім беру ұйымдары, кәсіпорындар мен университеттің 2023 жылғы түлектері қатысты.
Жәрмеңке 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімді университет басшысы Бауыржан Ердембеков ашып, көпсалалы мамандарды даярлайтын оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту орайында өткізілген бірқатар шараларға тоқталды. Өз кезегінде спикерлер білім беру саласындағы кадрларды даярлау мәселесін талқылады. Қазіргі таңда орыс тілі, математика, физика, музыка мұғалімі сияқты мамандарға сұраныс өте жоғары екендігін сөз етті. Абай облысы білім басқармасының Аягөз ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрғали Әзімбаев оқу орнына арнайы қосымша біліктілігі бар бапкерлер, арнайы педагогтар, домбыра пәні мұғалімдерін даярлауға ұсыныс жасады.
Іс-шараның екінші бөлімінде жұмыс берушілердің түлектердің түйіндемесімен танысуына және face-to-face кездесуіне мүмкіндік берілді. Жұмыс берушілер оқу орны түлектерінің түйіндемесімен арнайы көрсетілген QR код арқылы толықтай танысуға мүмкіндік алды.
Педагогикалық, аграрлық, экономикалық және техникалық бағыттарда өткізілген жәрмеңкеге 700-ге жуық студент пен 220-дан астам жұмыс беруші қатысып, түрлі бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке нәтижесінде 60%-дан артық бітіруші курс студенттері алдын-ала келісімге келді.
«Бос орындар жәрмеңкесі – 2023» жәрмеңкесі өз мақсатына жетті.