Ақсуат ауданындағы орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданының орталығындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан орталық аурухананың жұмысымен танысты.
2010 жылы пайдалануға берілген аудандық аурухана қазіргі таңда 42 төсек-орындық стационар мен ауданға қарасты барлық емдеу мекемелеріне қызмет көрсетеді. Мұнда 300-ден астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Аудан бойынша 17 мыңға тарта тұрғын тіркелген.
Қазіргі таңда нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Ғимараттың шатыры толық жаңартылып, қасбеті заманауи материалдармен қапталуда. Ішкі бөлікте қабырға панельдері мен аспалы төбелер орнатылып, еден жабындары мен есік блоктары ауыстырылды. Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, энергия үнемдейтін шамдар орнатылды. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталған. Қазіргі уақытта 90 пайызға аяқталған.
Нысанды аралап көрген аймақ басшысы мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстың сапасына мән беріп, уақтылы аяқтауды тапсырды.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Алмагүл Әштаева медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасының жақсарып жатқанына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Ақсуат ауданында 1 аудандық аурухана, 9 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 11 медициналық пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді.










