Мақаншы ауданында 41 шақырым жол жөнделді
2025 жылы Мақаншы ауданында жалпы ұзындығы 41 шақырым автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында аудан әкімі Дәурен Қойгельдин мәлімдеді.
Аудан әкімі көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Атап айтқанда, Алакөл көліне апаратын 5 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар Көктал ауылының кіреберісіндегі жолдың бір бөлігі ресайклинг әдісімен жаңартылып жатыр. Мақаншы – Көктерек – Қызылбұлақ бағытындағы жолдың жекелеген учаскелерінде де жөндеу жүргізілді.
Сонымен қатар Мақаншы ауылындағы кейбір көшелерде төселген асфальттың сапасына қатысты ескертулер бар. Бұл учаскелер мердігердің кепілдік міндеттемелері аясында қайта жөнделеді.
Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта ауданның көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Абай облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі