Сенат отырысында маңызды заңдар топтамасы қаралады
Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Онда депутаттар Палатаның 4 маусымға жоспарланған отырысының күн тәртібін айқындады.
Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау және прокуратура туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарайды.
Аталған құжаттардың негізгі мақсаты – заңнамалық актілерді жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіру, сайлау рәсімдерін жетілдіру және ұлттық заңнаманың жекелеген салаларын одан әрі дамыту.
Сонымен қатар күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң енгізілді. Заң нормалары ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіруге, білім, ғылым және экономика арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ әлеуметтік және мемлекеттік жүйелердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, алдағы отырыста сенаторлар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заңдарды және басқа да заңдарды қарайды.
Отырыс барысында депутаттар Мәжіліс қабылдаған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады.