Ақсуатта Тана мырза Тілемісұлына арналған ескерткіш ашылды
Ақсуат өңірінде халқымыздың ардақты перзенті, ел басқарудағы көрегендігімен, ағартушылық және қайырымдылық қызметімен ел жадында қалған Тана мырза Тілемісұлына арналған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Ел жадындағы ер тұлға – Тана мырза» атты тағылымды шара тарихи тұлғаның есімін ұлықтап, оның ел үшін атқарған өлшеусіз еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттауға арналды.
Салтанатты жиынға облыс және аудан басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ақын-жазушылар және аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара Ақсуат халық театры сахналаған «Аманат пен уақыт» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылымда ел қамын жеген азаматтың өнегелі өмір жолы мен ұлтқа қалдырған аманаты әсерлі бейнеленді.
Жиында Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров құттықтау сөз сөйлеп, Тана мырза тұлғасының тарихи маңызына тоқталды. Ол елдің бірлігі мен берекесін сақтауда, халықтың әлеуметтік және рухани дамуына қызмет етуде Тана мырзаның еңбегі ерекше екенін атап өтті. Өз кезегінде Алматы облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Ардақ Сыдықов пен қоғам қайраткері Ерлан Тұрлыбеков тарихи тұлғаның ел өміріндегі орны мен оның ұрпақ тәрбиесіндегі тағылымдық мәні туралы ой бөлісті.
Шараның шарықтау шегі Тана мырза ескерткішінің ашылу рәсімі болды. Ескерткіш лентасын қию құрметі елге белгілі азаматтарға берілді.
Тарихи деректерге сүйенсек, Тана мырза Тілемісұлы XIX ғасырда Назар-Мұрын елінің болысы болып, ел басқарудағы әділдігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен танылған. Ол халықтың рухани дамуына айрықша көңіл бөліп, мешіт-медреселер салдырған. Осы арқылы Шығыс өңіріндегі жұртшылықтың білім мен дін нәрінен сусындауына жол ашты.
Сонымен қатар, Тана мырза өңірдегі сауда қатынастарының дамуына да елеулі үлес қосты. Ертіс өзенінің Бөкен өзені құяр тұсында үш бірдей паром ұйымдастырып, Ертістің арғы бетіндегі Оңтүстік Алтайға баратын сауда жолдарының кеңеюіне ықпал етті. Бұл өткелдер Зайсан мен Қытайдың Шәуешек өңіріне дейін жалғасқан халықаралық сауда байланыстарының нығаюына мүмкіндік берді.
Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, тарихшы-өлкетанушы Қайрат Малғаждаров Тана мырзаға арналған арнауын оқып, тарихи тұлғаның ел алдындағы еңбегіне тағзым етті. Көкпекті ауданынан келген «Інжу-Маржан» әжелер ансамблі орындаған «Жанай керім» халық әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Салтанатты жиын еңбек ардагері Марат Қыдырбаевтың ақ батасымен қорытындыланды.
Тана мырзаға арналған тағылымды іс-шаралар күн бойы жалғасты. Ақсуат мәдениет үйінде «Алашқа тұлға болған – Тана мырза» атты тарихи-танымдық конференция өтіп, республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше мәрте әлемдік рекордтар иегері Жамали Диханұлының арнайы шоу бағдарламасы мен концерттік кеші көпшілік назарына ұсынылды.
Тарихи тұлғаны ұлықтауға арналған тағылымды шаралар ел жадындағы ер есімнің қадірін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өскелең ұрпақтың тарихи санасын нығайтуға қызмет етті.