Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
454.31 528.04 5.25

«Ұлылар мекеніне сапар»: жастар Абайдың тарихи мекендерімен танысты

Бүгін, 12:00 018.kz

Қауымдастық нысанындағы «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Тарих пен мәдениет саласында волонтерлікті дамыту» жобасы аясында «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Abai Route: Бірлік пен мұра жолы» мәдени-ағартушылық бастамасы жүзеге асырылды.

Бастама аясында жастар үшін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Сапардың мақсаты – жас ұрпақты Абай Құнанбайұлының туған өлкесімен таныстыру, ақынның рухани мұрасын дәріптеу және тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға деген жауапкершілікті арттыру.

Экскурсияның алғашқы бағыты – Күшікбай асуы болды. Қатысушылар өңірдің табиғи ерекшеліктері мен тарихи маңызы туралы мәлімет алып, Абай еліне апарар жолдың көрікті орындарымен танысты.

Келесі аялдама – Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі. Мұнда жастар қазақтың көрнекті жазушысының өмірі мен шығармашылығы, Абай мұрасын зерттеуге қосқан үлесі және «Абай жолы» роман-эпопеясының рухани маңызы туралы ақпарат алды. Бұл сапар қатысушыларға Абай мен Мұхтар Әуезов шығармашылығының өзара сабақтастығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Экскурсия бағыты Сырт Қасқабұлақта жалғасты. Бұл – Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Жастар ақынның балалық шағы, туған ортасы және оның дүниетанымының қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтар туралы танымдық мәліметтермен танысты.

Сапардың қорытынды бөлігі Жидебай қорығындағы Абайдың музей-үйінде өтті. Қатысушылар ұлы ойшылдың өмір сүрген ортасын көріп, оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына қатысты тарихи деректерді зерделеді. Ақынның қара сөздеріндегі білім, еңбек, әділет, адамгершілік пен бірлік туралы ойларының қазіргі қоғам үшін де маңызы зор екені айтылды.

Экскурсия жастарға Абай мұрасын кітап беттерінен ғана емес, ақын өмір сүрген тарихи мекендер арқылы танып-білуге жағдай жасады. Сонымен қатар мәдени волонтерліктің тарихи орындарды қорғау, ұлттық құндылықтарды насихаттау және оларды келешек ұрпаққа жеткізудегі рөлі түсіндірілді.

«Abai Route: Бірлік пен мұра жолы» бағытымен ұйымдастырылған сапар – өткен мен бүгінді байланыстырып, жастардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырған маңызды мәдени-ағартушылық шара. Ұлылар мекеніне жасалған тағылымды саяхат қатысушыларды білімге, елжандылыққа және ұлттық мұраға құрметпен қарауға үндеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив