Азаматтардың әлеуметтік құқықтары Ата Заңмен қорғалады
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында азаматтардың әлеуметтік қорғалуына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, Ата Заңның 31-бабы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге, еңбек пен зейнетақы саласындағы негізгі кепілдіктерді сақтауға бағытталған. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның 31-бабы азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру құқығын конституциялық деңгейде бекітеді.
Аталған баптың бірінші тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепілдік беріледі. Сонымен қатар жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және заңда көзделген өзге де жағдайларда әлеуметтік қамсыздандыру құқығы қамтамасыз етіледі.
Ал екінші тармақта ерікті әлеуметтік сақтандырудың, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарының, волонтерлік қызмет пен қайырымдылықтың қолдау табатыны көрсетілген.
Бұл норманың маңызы зор. Өйткені әлеуметтік қорғау – қоғамдағы тұрақтылықтың, азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейінің және мемлекетке деген сенімнің маңызды негіздерінің бірі. Әсіресе зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, асыраушысынан айырылған отбасылар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындар үшін бұл кепілдіктердің орны ерекше.
31-баптың мазмұны мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін айқындап қана қоймай, қоғамдағы өзара қолдау мәдениетін дамытуға да бағытталған. Мұнда мемлекеттік кепілдіктермен қатар, еріктілік пен қайырымдылықтың да маңызы атап көрсетілген.
Түптеп келгенде, жаңа Конституцияның 31-бабының басты мақсаты – азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, олардың әл-ауқатын арттыру және қоғамда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту.