Этномәдени бірлестіктердің өкілдері гуманитарлық көмекке белсене атсалысуда
Маусымның 8-і мен 13-і аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлері, Абай облыстық Достық үйлерінің қызметкерлері, түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен белсенділер өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде 900 мыңнан астам теңге жинады.
Еріктілермен, жанашыр азаматтармен бірлесе отырып, этномәдени бірлестіктердің мүшелері табиғи апатқа тойтарыс беру үшін бас қосты. Олар облыс әкімдігінің қолдауымен қажетті заттар мен бұйымдарды жинап, жеткізуді ұйымдастырды.
«Сібір казактары қауымы» қоғамдық ұйымы «Эйкос» ЖШС қаржылық қолдауының арқасында Талица мен Каштакқа азық-түлік жеткізіп, сол арқылы өрт сөндірушілерге қолдау көрсетті.
Православие шіркеуі мен Семейдегі «Мрія» украин мәдени орталығы» қоғамдық ұйымы да өрттен зардап шеккендерге өз көмектерін көрсетті.
Қазақстан шешендері мен ингуштарының «Вайнах» қауымдастығы шет қалмай, эвакуацияланған ауылдардың тұрғындарына барып, қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынды.
«Возрождение» немістер қауымдастығы, «Буюк Келажак» өзбек әлеуметтік-мәдени орталығы, Семей казактарының этно-мәдени орталығы, «Бокер» еврей мәдени орталығы сияқты түрлі этномәдени бірлестіктердің волонтерлері де белсенді қатысты.
Бесқарағай ауданындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Еріктілер қозғалысы» орталығы өртпен күресіп жатқандардың барлығына қолдау көрсетуде. Бұл жағдайды шешуде әрбір адамның үлесі маңызды рөл атқарады.
Өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге Жарма ауданының тұрғындары да атсалысты. Алғашқы күннен бастап мекеме, ұйымдар, кәсіпкерлер мен жастар қаражат, азық-түлік, киім-кешек және басқа да қажетті заттарды жинауға белсене кірісті. Кеше облыстық Жастар орталығының директоры Н. Зайырбеков еріктілердің көмегімен жиналған гуманитарлық көмекті Бородулиха ауданының тұрғындарына табыс етті.
Қазір Абай облысында өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатыр.