Жарма ауданында тазалық жағдайы талқыланды
Бүгін Жарма ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Берік Самежановтың төрағалығымен жиын өтті.
Ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшыларының қатысуымен өткен басқосуда ауыл тазалығын бойынша сұрақтар көтерілді.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған округ әкімі Қанат Рахимжанов тазалық айлығына орай атқарылатын бірқатар жұмыстарға тоқталды. Әрбір ауыл тұрғынын өз үй-жайларының айналасын жинап, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы арнайы күл-қоқыс төгетін орынға апаруға шақырды. Округ әкімі бұл талаптарды орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалайтынын ескертті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары тазалық айлығына орай барлық мекеме басшыларын тазалық жұмыстарына белсене қатысуға шақырып, тиісті қызметтерге көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалар берді.