Жарма ауданында «Әкелер даңқы жолымен» атты облыстық әскери-патриоттық акция өтті
Жарма ауданында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған «Әкелер даңқы жолымен» атты облыстық әскери-патриоттық акция өтті.
Керуеннің басты мақсаты — өскелең ұрпақты азаматтық-патриоттық және рухани тұрғыдан тәрбиелеу, Отан қорғаған жауынгерлердің ерліктерін есте сақтау, соғыс және еңбек ардагерлеріне деген құрмет сезімін қалыптастыру.
Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Құсманұлы Бердікенов бастаған топ мүшелері, ардагерлер, қоғам, мәдениет қайраткерлері Маулет Әкімбайұлы Қилыбаев, Нұрқасым Жырғалыұлы Құсмилия, Кәрібай Сұлтанов, Серікбек Бақтажаров және де басқа ардагерлер кеңесінің мүшелері алдымен Шар қаласында, одан соң Қалбатау ауылында тұрғындармен, жастар өкілдерімен кездесулер өткізіп, мәдени бағдарламаларын ұсынды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Баян Сағымбаеваның шырқата салған салған әндерін, Семей қаласынан келген және жергілікті өнерпаздардың концертін көрермендер үлкен ықыласпен тыңдады.
Қонақтар соғыста қаза болған жауынгерлерге арналған мемориалға, Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлер мен Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Салтанатты шара барысында акцияға қатысушылар тарапынан «Алаш» атты төрт томдық тарихи естелік кітап және Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға шақырылған жерлестеріміз туралы деректер жинақталған кітаптар табысталды.