«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы волейболдан жүлдегер атанды
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы Қарулы күштердің волейболдан өткен жиырмасыншы спартакиадасының жүлдегері атанды. Жерлес құрама ақтық мәреде әуе қорғанысы күштерінің командасына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Айта кетейік, жергілікті құрама ақтық мәреге шығар тұста «Оңтүстік» өңірлік құрамасын ойсырай ұтқан болатын. Сондай-ақ чемпионат барысында әскери полицияның ойыншыларымен жолығып, басым түскен. Астана қаласында өткен дүбірлі додада волейболдың микс форматында ұйымдастырылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бөлімі бастығының айтуынша, әскерилер бұл сайысқа сақадай сай дайындықпен барған.
Еске салайық, сайысқа он төрт команда қатысты. Жүлдеге ие болғандар кубок және арнайы медальдармен марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша спартакиаданың ең үздік ойыншысы атағына «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы құрамасының намысын қорғаған үшінші сыныпты сержант Марат Ибрагимов ие болды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі