Абай облысының оқушылары ақылды жылыжай жасап шығарды
Аягөз ауданының Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының 10-11 сынып оқушыларынан құрылған «BumbleBee» командасы қарапайым жылыжайды автоматтандыру жобасын жасады.
Мақсаты - заманауи технологияларды пайдалана отырып, топырақ пен ауа ылғалдылығының жай-күйін, жылыжайдағы ауа температурасын автоматты бақылап, топырақты автоматты суаратын (ылғалдандыратын) "ақылды" жылыжайды жасап шығару.
«Ақылды жылыжай» - бұл ауылдық жерлерде фермерлер қолданатын, автоматты түрде басқаруға мүмкіндік бере алатын техникалық тәсіл. Қазіргі заманауи технологиялар кеңістігінде осындай жобалар құрастырып, ауылшаруашылық саласы я болмаса басқа да салалардағы бірқатар мәселелерді шешуге болады.
BumbleBee командасы аталмыш жобаларын бірқатар облыстық, республикалық, халықаралық сайыстар мен хакатондарға ұсынып, жүлделерге де ие болған.
БҰҰ Қазақстан даму бағдарламасы 16-29 жастағы жастар арасында өткізген "Білім аптасы-2022" хакатонында BumbleBee командасы "Girls in charge" номинациясында 3000$ грантын жеңіп алды.
Команда жетекшісі: физика және информатика пәні мұғалімі, педагог-шебер Кунусова Меруерт Орынгалиевна.