Абай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы өтті
Шара «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық және даму» деген тақырыпта ұйымдастырылды. Оған ҚХА мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Ардагерлер кеңесі өкілдері қатысты.
Сессияның мақсаты – қоғамдық келісім мен ұлттар бірлігін қалыптастыру. Бұл қазақстандықтарды патриотизмге, қазақстандық этностар арасындағы азаматтық және рухани-мәдени бірлестікке назар аударуға негізделген.
Жиында мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның беделді имиджін қалыптастыру, мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру және еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлтаралық келісімнің маңыздылығын атап өтті.
Шара аясында қатысушыларға ұлттық бірлік пен келісімнің түрлі аспектілерін талқылауға мүмкіндік беретін диалог алаңдары ұйымдастырылды. Бұл алаңдардың модераторлары Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков пен қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев болды.
Сондай-ақ, сессия барысында мәдени дәстүр мен ұлттық қолөнерді насихаттау мен сақтауға үлес қосқан шеберлердің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қойылған көрме өтті. Бұдан бөлек, Ә.Қашаубаев атындағы облыстық мемлекеттік филармония өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.