Абай облысында жаңа облыстық сот ғимаратының іргетасына капсула салу рәсімі өтті
Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Судьялар одағының төрағасы, Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Шақпантаев және т.б. қатысты.
«Сот ғимараттарын жаңарту аясында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміздің бірқатар өңірлерінде заманауи стандарттарға сай облыстық және аудандық соттардың жаңа ғимараттары салынды. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруды мақсат ете отырып, сот ғимараттары да соған сай болуы керектігін ұмытпаған жөн. Біз үшін келген адамдар өздерінің конституциялық құқықтарын қорғайтын ғимаратқа кіргенін сезіне алуы керек», - деді Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев.
Облыстық соттың жаңа ғимаратының жобасында жертөлесі бар 4 қабатты ғимарат қарастырылған. Ғимаратта спорт залы, асхана және техникалық бөлмелер бар әртүрлі функционалды аймақтар орналасады.
Келесі қабаттар судьялар кабинеті, сот отырысы залы, прокурорлар, адвокаттар және медиация кабинетімен жабдықталады. Бұдан бөлек, ғимаратта акт залы, күту залы, баспасөз орталығы, мұражай және психологиялық көмек көрсету бөлмесі болады. Заманауи және функционалды ғимарат сот төрелігін тиімді және сапалы жүзеге асыруға ықпал етеді.