Облыс әкімі «SHARCEM» ЖШС-нің қызметкерлерімен кездесті
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жұмыс сапарымен Жарма ауданында келіп, «SHARCEM» ЖШС-нік жұмысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы қызметкерлерге арналған жатақхана мен асхананың жөндеу жұмыстарын тексерді.
Нұрлан Ұранхаев зауыт ұжымымен жеке кездесіп, қызметкерлер өз сұрақтары мен ұсыныстарын тікелей жеткізді. Көтерілген негізгі мәселелердің бірі жалақыны көтеруге қатысты болды. Осы уақытқа дейін аудан әкімдігі және құзырлы облыстық басқармама өкілдері инвестормен өткізген жиын нәтижесінде 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 200 қызметкердің жалақысын көтеру туралы шешім қабылдаған болатын.
Кездесу барысында жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімдері де нақтыланды: асхананы 31 қыркүйекке дейін, жатақхананы 2023 жылдың 30 қарашасына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетсек, «SHARCEM» ЖШС-де еңбек қатынастары және жұмысшылардың құқықтарына қатысты мәселелер Абай облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Анықтама: Зауыт 2022 жылы пайдалануға берілген. Оның өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна цементті құрайды. Кәсіпорында 330 адам жұмыс істейді, оның 37 %-ы Шар қаласының тұрғындары.