Қазіргі таңда адамдар жаңа ізденістерге, жаңа идеяларға талпынады. Себебі заман талабы сондай. Бұл заман бір орында отыруды қажет етпейді. Ендеше, бизнес саласында өз кәсібін дөңгелетіп жүрген Әлмұратов Мереке Дәуренұлымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- «QURT.HOUSE.SEMEY» қалай ашылды?
- «QURT.HOUSE.SEMEY» инстаграм дүкенін ашуға себеп болған ең бірінші бұл қаражат. Менде 2015 жылдан бастап өмірімде түрлі қиындықтар бола бастады. Көзім нашар көре бастап, кейіннен 1 топ мүгедектігі берілді. Көзімнің жазылмайтындығы белгілі болды. Сол сәтте өмірге деген құлшыныста азайды. Павлодар мемлекеттік университетіне эколог мамандығында оқып жүр едім, тіпті оқуға деген құлшынысым болмады. Себебі, мен таңдаған мамандықта мүгедіктігіме байланысты жұмыс істей алмайтындығымды түсіндім. Бірақ грантқа түскендіктен оқуымды жалғастыра бердім. Сөйтіп универді бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс таба алмай ұзақ жүрдім. Көзі нашар көретін адамның немен айналысып, қалай жұмыс жасайтындығы түсініксіз болды. Содан соң қоғамдықпен көзі нашар көретін адамдарға арналған «Шамшырақ» клубына уақытша жұмысқа тұрдым. Бірақ ол жақта да, қолға тиген жалақым өте аз болды. Уақытша жұмысымның уақыты аяқталып, енді не істеймін деп жүрген кезде осы қазіргі бизнесімді бастау идеясы ойыма келді. Нақтырақ айтсам, қарындасым екеуіміз осы бизнеске қаражаттың тапшылығынан келдік. Және де сол кезде мүмкіндігі шектеулі адамның бизнесте мүмкіндігі шектеусіз болуы мүмкін деген ой келді. Қазіргі сәтте осы бизнесті дөңгелетіп келе жатқаныма 1,5 жарым жыл болды.
- Сіз жасайтын өнімнің басқа өнімдерден айырмашылығы қандай?
- Ең басты айырмашылық ол әдемілік пен көрнекілік. Біздегі негізгі аудитория көбінесе қыздар. Және де жігіттер қыздарға деген көңілін біздің құрттар арқылы білдірсе болады. Бұл да біздің басты айырмашылығымыз деп санаймын. Одан кейін біз ұлттық өнімге әдемілік бердік деп ойлаймын. Себебі, басқа құрт өнімдерін базардан да сатып алуға болады. Ал бізде бәрі әдемі қорапқа салынып, шын көңілмен жасалады. Қазірде осыны трендке айналдыруға тырысып жатырмыз. Осының өзі талай айырмашылық деп ойлаймын. Өнімге деген сұраныс мереке кездерінде өте көп болады. Ал қалған кездердегі саудамыз орташа деңгейде деп есептеймін.
- Кез келген кәсіпті жүргізу барысында түрлі келеңсіздіктер орын алып жатады, Сіз өзіңіздің бір есте қалған оқиғаңызбен бөліссеңіз?
- Бұл кәсіпті жүргізу кезіндегі қызықты оқиғалар есіме түспей тұр. Бірақ мен осы жолда көптеген өзіме жақын достарды кезіктірдім. Және көптеген танымал адамдармен осы кәсіптің арқасында таныстым. Тіпті жақын араласа бастадым. Мысалы, студент кезімде Шәкәрім Абдоллаев деген блогерді қарап жүретінмін. Сол блогермен осы құрт кәсібінің арқасында таныстым. Сол кісімен өмірде сұхбаттасып, кездесіп, жақсы араласып кеттік. Одан бөлек тұрақты клиенттеріммен де қазіргі таңда жақсы араласамыз.
- Болашақта бизнесіңізді одан әрі дамытып, мастер класстар өткізу жоспарда бар ма?
- Мастер класс өткізу ойда бар. Ең бірінші жеке тұлғалық мастер классымды өткізгім келеді. Себебі, өмірімде болған қиындықтарды қалай жеңгенім туралы көпшілікпен бөліскім келеді. Біз әлі күнге дейін көзі нашар көретін мықты бизнесменді көрген жоқпыз. Ал менің осы жұмысым басқа адамдарға мотивация беріп, өмір сүруге талпындырады деп ойлаймын. Ал, болашақта осы мастер класстарды іске асырып көргім келеді.
- Сіздің бизнесіңізге қолдау көрсеткендер болды ма?
- Реклама жағынан инстаграмдағы парақшалар, блогерлер қол ұшын созды. Осы тұста «Abay Media Group» ЖШС-ге үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сол кездегі қолдау тек әлеуметтік желідегі оқырмандардан болды. Ал, жеке қолдау, көмек болған жоқ. Бірақ, әрине болашақта да қолдау күтеміз. Себебі, бизнесімізді кеңейтіп, аудиториямызды көбейткіміз келеді. Мәселен, біздің өнім тойбастар ретінде тұрса ғой деп армандаймыз. Әрине, бұған көптеген инвестиция қажет. Жалпы, осы уақытқа дейін қолдау көрсетіп келе жатқан барлық жандарға өз рақметімді айтқым келеді.
Жақсы, Мереке. Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Бастаған ісіңіз алға баса берсін!