Семей әкімі Қазақстан шахмат федерациясының филиалын басқарады
Бүгін Семейдің ең үздік әуесқой шахматшылары анықталды. Турнир бас серіктес Freedom Broker қолдауымен жүзеге асып жатқан «Шахмат керуені» республикалық жобасының аясында өтті.
Жоба өңірлерде шахмат спортын дамыту мақсатында қолға алынған. Семей – осыған дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодарды аралап шыққан керуен жолындағы алтыншы қала.
Таңертең сағат 10.00-де әкімдік алдындағы орталық алаңда керуеннің келуіне арналған салтанатты шара болды.
Керуеннің келуі аясында Абай облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Оның төрағасы болып Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов тағайындалды.
Алаңда құрылған мобильді киіз үйде шахмат турнирі мен гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы болды. Төрешілердің шешімімен I орынды Арлан Абузуаров иеленсе, II орын Фархад Мансұровқа, III орын Ақылбек Жақсылыққа бұйырды. Үш жеңімпаз да Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.