Жарма ауданында 15 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды
Бүгінде ауданда жалпы ауданы 3375 шаршы метрді құрайтын 25 екі бөлмелі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Қалбатау ауылында – 10, Шар қаласында - 5 екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, үй көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға берілді.
Сондай-ақ, Қалбатау ауылындағы Искаков көшесінде жалпы ауданы 1200 шаршы метр болатын екі бөлмелі 10 үйдің құрылысы жүргізіліп отыр. Қазіргі таңда пәтерлердің ішкі әрлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Достық көшесінде 30 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйдің үшінші қабаты салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен Ұзынжал және Жайма ауылында екі көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді.
Айта кетсек, Жарма ауданында тұрғын үй құрылысы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылған. Жоба мақсаты - тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру болып табылады.