Семей қаласында ұстаздар мерекесі аталып өтті
Бүгін Семей қаласының жастар сарайында ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Оған қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қатысты. Салтанатты шара барысында қалаға еңбегі сіңгені үшін медалімен, құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен бірқатар ұстаздар марапатталды.
“Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл – ұстазға көрсетілетін жоғары құрмет пен айрықша мәртебенің белгісі.Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел, рухы асқақ, өресі биік болуы ұрпақ тәрбиесінен бастау алады. Баршаңызға ұстаздық деген ұлы жолда аянбай еңбек етіп, қызметтік міндеттеріңізді мінсіз орындауда танытқан кәсіпқойлықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін”,- деді Нұрбол Нұрсағатов.
Бүгінде облыс орталығында 5870 ұстаз бар. Орта білім беретін мектептерде 4550, мектепке дейінгі ұйымдарда 1163, қосымша білім беру ұйымдарында 157 мұғалім білім көшін алға жетелеп келе жатыр.
Атап айтқанда, қаламыздағы 5870 мұғалімнің 42 пайызы жоғары және І, ІІ санаттарға ие болса, жаңа үлгідегі кәсіби біліктілік санатын алған ұстаздар 46 пайызды құрап отыр. Бірі облыстық, республикалық деңгейдегі кәсіби сайыстардан жүлделі орындардан көрінсе, енді бірінің шәкірттері түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Салтанатты шара мерекелік бағдарламамен ұласып, білім саласының ардагерлеріне гүл шоқтары табыс етілді.