Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Семейде бөлшек салықтың мөлшерлемесі 2%-ға төмендетіледі

19-10-2023, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімдігі «Курчатовтағы бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» шешімнің жобасын жариялады. Қазіргі кезде Семей және Абай аудандық мәслихаттарының тұрақты комиссиялары жергілікті атқарушы органдарға арнайы салық режимінің мөлшерлемесін төмендету үшін қаулы жіберді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде жергілікті өкілді органдарға төлемнің базалық мөлшерлемесін 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін бөлшек салықтың арнайы салық режиміне қатысты салық заңнамасына түзетулер енгізілді.

«Бөлшек салықты енгізу жөніндегі бастама өзінің қажеттілігін көрсетті. Оң тәжірибені ескере отырып, Үкімет салықтың қамту аясын екі есеге кеңейтеді",-деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты  жолдауында.

Енгізілген өзгерістер арқылы жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жыл ішінде 2,070 млрд теңгеден (600 мың АЕК) аспайтын кәсіпкерлер арнайы салық режимін қолдана алады. Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығына мәслихаттар ие болды.

«Бөлшек салықтың артықшылығы оның шағын бизнес үшін тиімді төмен бірыңғай мөлшерлемесінде. Кәсіпкерлерге ҚҚС бойынша есепке тұрудың қажеті жоқ. Бұл шара бизнесті жүргізуді жеңілдетеді, ең бастысы бизнесті заңдастыруға және кәсіпкерлік сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Біз Абай облысының қалалық және аудандық мәслихаттарына мөлшерлемені төмендету туралы хаттар жібердік. Қабылданып жатқан шаралардың көмегімен бізге Курчатов қалалық мәслихатының «Курчатов қаласында бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» шешімінің жобасы келіп түсті.  Абай облысы бойынша барлығы 28 540 салық төлеуші арнайы салық режимін қолдана алады, Семей қаласы бойынша – 8 374 бизнес субъекті», – деді Семей мәслихатының бюджет және экономиканы дамыту мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысында облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының міндетін атқарушы Мақсат Сүйшінов.

Бөлшек тауар айналымы қаламыздың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарының маңызды көрсеткіштерінің бірі саналады. Тоғыз айда Семейдегі бөлшек сауда көлемі 188 млрд теңгені құрады.

«Біз бұл мәселе бойынша кәсіпкерлер және Палата өкілдерімен кездестік, бұл жерде біз бас тартатын нәрсе туралы сөз жоқ екенін қайталағым келеді. Біз  бизнес үшін, қаламыздың өсіп-өркендеуі, салықтық түсімдердің ұлғаюы үшін әрекет еттік. Бұл қаламыздың әл-ауқаты мен әлеуметтік маңыздылығына әсер етеді», - деп атап өтті комиссия мүшесі Әділет Оралбеков.

Мәслихат депутаттарының айтуынша, көптеген кәсіпкер көлеңкеден шығады.

«Бөлшек салық -  бизнесімізге жеңілдік. Бұл шара бізге бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға, қала бюджетін толықтыруға мүмкіндік береді. Инфляция, ақша массасының ұлғаюы кезеңінде қосымша шығындар тұтынушылардың мойнына түседі. Бір жолы бар - бөлшек салыққа көшу. Бүгін керемет жаңалық айтылды, біз бағаны оңтайландыра аламыз, шығыстарымыз табыстан асып кетеді деп қорықпаймыз», – деп бөлісті кәсіпкерлер.

Жаңа мөлшерлеме 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив