Елордада Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнир өтіп жатыр
Астанада еркін күрестен балалар мен жасөспірімдер арасында даңқты палуан, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр.
Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында басталған республикалық турнирде еліміздің әр облысынан келген 2012-2014 жылы туған балалар мен 2009-2011 жылы дүниеге келген жасөспірім палуандар белдесіп жатыр.
Атап айтқанда, 2012-2014 жылы туған балалар 27 кг, 30 кг, 33 кг, 36 кг, 39 кг, 42 кг, +46 кг, ал 2009-2011 жылғылар 35 кг, 38 кг, 41 кг, 44 кг, 48 кг, 52 кг, 57 кг, 62 кг, 68 кг, 75 кг, +75 кг салмақта үздіктерді анықтайды.
Жас жеткіншектер арасындағы турнирді ұйымдастырудағы басты мақсат – еркін күрес спортын балалар арасында кеңінен насихаттау, күрес түрлерін дамыту және ел арасында танымал ету. Сонымен қатар күрес әліппесін енді үйреніп келе жатқан палуандардың шеберлігін арттыру және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы талантты спортшылардың қарым-қабілетін байқау.
3-4 қарашада барлық жас және салмақ дәрежесі бойынша алдын ала белдесулер өтсе, финалдық кездесулер 5 қарашаға жоспарланған. Елорданың күрес жанкүйерлері балғын палуандардың өнерін «Жекпе-жек» спорт сарайынан тамашалай алады. Жарыстар күндізгі 10:00 мен кешкі сағат 18:00-ге дейін өткізіледі.