Облыста агроөнеркәсіптік кешен саласында жаңа жобалар жүзеге асады
Бүгінде облыстағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары 33,3 мың тонна сиыр етін, 14,3 мың тонна құс етін, 53,7 млн дана жұмыртқа, 168,6 мың тонна картоп, 21 мың тонна сәбіз, 3 мың тонна пияз, 23,3 мың тонна қырыққабат, 103,3 мың тонна өсімдік майы, 57,7 мың тонна ұн, 7,1 мың тонна нан және 2,5 мың тонна макарон өнімін өндірді.
Облыста етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында барлығы 39 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оның 11-нің қуаттылығы 22 мың басқа арналған.
Өңірде жобалық қуаттылығы жылына 18 мың тонна сүт өңдейтін 7 кәсіпорын бар.
Тұрғындарды азық-түлікке деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің барлық салаларын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу көлемін ұлғайту бағытында шаралар қабылданып жатыр.
Анықтама үшін: 2023-2024 жылдары облыста ет комбинаттарын салу жобалары қарастырлуда. Мәселен, Семей қаласында жылдық қуаттылығы 12 600 тонна ет өңдейтін «Евразия Агро Семей» ЖШС-нің құрылысын бастау жоспарланған. Қазір аталмыш жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жобаға сәйкес құрылыс жұмысы 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2024 жылы қуаттылығы жылына 600 тонна дайын өнім шығаратын «Ықылас Инвест» ЖШС ет консерві зауытын ашу көзделген.