Үржарда ауған жауынгерлеріне құрмет көрсетілді
Бүгін Үржар аудандық Мәдениет үйінде Ауған жерінен бұрынғы Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 34 жыл толуына орай мерекелік шара өтіп, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүлшоқтары қойылды. Патриоттық шараға Ауған соғысының ардагерлері, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Мұхаметқали Бітімбаев, мектептердің тәрбие ісінің меңгерушілері, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері, жастар, жоғары сынып оқушылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсенов қатысып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін Ауған соғысы ардагерлерін аудан әкімі Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитовтың «Алғыс хатымен» марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Дәурен Зурманов, Ауған соғысы ардагерлерінің «Айбын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ақжолтай Архабаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жастарға өз ақыл-кеңесін берді.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің мерекелік бағдарламасымен жалғасын тапты.