Облыс әкімі БАҚ өкілдеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде инфрақұрылымды, әлеуметтік институттарды дамытуға, өңірдің экономикалық өсімін қолдауға бағытталған стратегиялық жоспар мен бағдарламамен таныстырды.
Жыл басынан бері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестиция 44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд теңгеге жетті. Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд. теңге түсті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында облыстың 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданды. Жоспарға инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгені құрайтын 102 іс-шара енгізілген. 2023 жылға 89,2 млрд теңгені құрайтын 45 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды, оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын 1,4 трлн теңгенің 44 жобасы енді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды бағыт пайдаланбаған жерлерді қайтару. Биыл жалпы ауданы 387,9 мың гектар жер учаскесі анықталды. Оның 157 мың гектары қазіргі таңда қайтарылды.
Қазіргі таңда ЖЭО-3 құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жұмысты 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 15,5 млрд теңгені құрайтын 54 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 20-сы биыл, қалған 34 нысан ауыспалы болып табылады. 2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 32 жобасы іске асады.
Көлік инфрақұрылымы саласында 2025 жылы аяқталатын Ертіс өзені арқылы жаңа, төрт жолақты, көпір құрылысы жүріп жатыр. 2024-2025 жылдары көлік дәлізін кеңейту үшін, 270 км болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған.
Алдағы үш жылға тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Бұл – 6800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқушы орын тапшылығын азайту үшін, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 5700 орындық 11 мектеп құрылысы жоспарланды.
Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін құны 10,8 млрд теңгені құрайтын 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы жүргізіледі.
Алдағы уақытта Семей қаласының сол жағалауында заманауи мәдениет нысанын (конгресс-холл) салу жоспарлануда.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, жоспар бар, тиісті қолдау да бар. Біз осының бәрін ұтымды пайдаланып, тұрғындарға жайлы орта құру бағытында жұмыс жасайтын боламыз. Ол үшін, әрине, уақыт керек. Біз, барлық күш-жігерімізді мәселені уақытылы, мейлінше жылдам, әрі тиімді шешуге мүдделіміз. Сондықтан, қоғамның, сіздердің қолдауларыңызбен мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын», - деді облыс әкімі өз сөзінде.
Сондай-ақ ол Семей қаласында да оң өзгерістің жүріп жатқанын айтты. Яғни, 70 ауланы абаттандыру және 41 көппәтерлі үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмысы жүргізілді. Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойымен жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құрылды. Келер жылы, Ертіс өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен Бейбітшілік аралында балалар теміржолын салу көзделген.