Абай облысы оқушылары су тапшылығы мәселесін шешетін жол тапты
Аягөз ауданы К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары Ерсұлтан Жаркенаев, Дәулет Құрманғожин, Меруерт Бейсен қар және жаңбыр суларын тазартып, тұтынуға болатын жоба ұсынады. Қазіргі кезде су тапшылығы мәселесі өзекті. Оқушылар зерттеулерін мектеп ауласында жаңбыр суы мен қарды жинақтауға арналған резервуарларды қолданудан бастаған. Қазгидромет статистикасы арқылы Аягөз қаласындағы 2022 жылындағы жауған жауын-шашын мөлшеріне назар аударған. Статистикаға сәйкес бір жылдың ішінде қатты, сұйық және аралас жауын-шашын мөлшері көп екені анықталды.
Жобаны іске асыру үшін ең алдымен 3D модель жасалынды. Су резервуарларын, фильтр мен құбырларды мектеп маңайында дұрыс орналасу тәртібі анықталды.
Қала тұрғындарының су тапшылығы мәселесін шешу үшін эксперимент ретінде өз мектептерін қарастырды.Мектептің жалпы ауданын, су тұтынатын оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлердің санын анықтады. Сонымен қатар қыс және жаз мезгілдерінде мектепте пайдаланатын су мөлшерін салыстырып, жаз мезгілдерінде көп мөлшерде қолданатыны анықталды. Осылайша мектепті ауыз су және шаруашылық қызметке арналған сумен қамтамасыз етуге болатынына көз жеткізген.
Жаңбыр суын және қарды өңдеп пайдалану арқылы қалалық жерде суды аз пайдалануға болатынын дәлелді. Бұл су тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі, өйткені жаңбыр суы мен қарды жинақтап, фильтрден өткізу арқылы ауыз су мәселесін шешуге және жинақталған суды шаруашылық қажеттіліктеріне пайдалануға болады. Су мен электр энергиясының үнемі қымбаттайтынын ескерсек, жаңбыр суын пайдалану арқылы ауыз судың 60% дейін үнемдеуге болады.
Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру үшін смета бойынша жеткізуші іздестіруде. Тапқаннан кейін мемлекеттік сатып алу жұмыстарын рәсімдейміз дейді жас өнертапқыштар.
Жоба жетекшілері: информатика пән мұғалімдері Дюсембекова Раушан Сапарбековна, Туманбаева Ардак Бакытбековна.
Айта кетейік, оқушылар қараша айында «Nxplorers: Gylymi saiahat» республикалық ғылым фестиваліне жұмыстарын ұсынып, 1 000 000 теңге грант иегері атанды.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі