Абай облысының медициналық мекемелерінің бірі 600 млн теңгеден астам сомаға негізсіз шарттар жасасқан
Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет денсаулық сақтау саласына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша медициналық мекемелердің бірінің үш жыл ішінде медициналық жабдықтарды өндіруші болып табылмайтын компаниялармен 608 млн.теңге сомасында 23 негізсіз шарт жасасқанын анықтады. Заңнамаға сәйкес күрделі жабдыққа өндірушінің өзі қызмет көрсетуі тиіс.
Бұл туралы департамент басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов Абай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында баяндады.
Сондай-ақ талдау барысында медициналық жабдықтарға жалған сервистік қызмет көрсету, медициналық қызметтерді асыра тіркеу, бас дәрігерлерді өз бетінше жұмыстан шығару, пациенттерді жекеменшік клиникаларға жіберу кезінде мүдделерді лоббилеу, дәрілік препараттармен айла-шарғы жасау және еңбекақы төлеу қоры бойынша ақша қаражатын жымқыруға байланысты бірқатар тәуекелдер анықталды.
«2023 жылы мемлекет тарапынан ТМККК шеңберінде облыс халқына 7 млрд. теңгеден астам сомаға 400 мыңнан астам дәрілік препараттар бөлінді. Алайда, талдау көрсеткендей, дәрі-дәрмектердің бөлінген көлемі соңғы адресатқа жетпейді», - деді Рүстем Тоқбергенов.
Сондай-ақ, аудандардың бірінде аурухана дәріханасында жалпы сомасы 1,3 млн. теңгеге препараттардың жетіспеушілігі анықталған.
Талдау қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған 25 ұсыныс енгізілді.
Одан бөлек, отырысқа қатысушыларға ұзақ құрылыс санатына өткен 12 нысанның жағдайы туралы жеткізілді.
Облыс әкімі оларды аяқтау бойынша Жол картасын әзірлеуге бастамашылық жасады.
Абай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі