Абай облысында 2023 жылы мемлекеттік рәміздерді қолдану арқылы 2000-нан астам іс-шара өткізілді
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
Жиын барысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өңірлік тәсіл аясында бұл жұмыстар бекітілген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.
«Облыста мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауға жауапты 1 облыстық, 2 қалалық және 8 аудандық комиссия жұмыс атқарады. Мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізу үшін комиссия жұмыс органы мен техникалық реттеу және метрология департаментінің өкілдері жүйелі түрде қала, аудандарға шығып тұрады. 2023 жылдың басынан бері мұндай 11 шара ұйымдастырылды. Жалпы, облыста 900-ге жуық мемлекеттік мекеме мен ұйым бар», - деді Нұрлан Ұранхаев.
2023 жылы шамамен 300 мың адамның қатысуымен 2000-нан астам түрлі іс-шаралар өткізілді. Оқыту-түсіндіру іс-шаралары тұрақты ұйымдастырылып, 5 семинар және 9 көшпелі отырыс өткізіліп, оған мемлекеттік органдардың басшылары, құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдіктердің өкілдері қатысты.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі