Облыста кәсіпкерлердің құқығын қорғауға бағытталған іс-шаралар белсенді жүргізіледі
Абай облысында заңдылықты, тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыс прокуроры Ерлан Абаев, құқық қорғау органдары, басқарма басшылары мен бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды қолдау және «Прокурорлық сүзгі» жобасын жүзеге асыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер талқыланды.
Облыста шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігі де артып келеді. Белсенді ШОБ субъектілерінің саны 7,2%-ға өсумен 54,2 мың бірлікті құрады. Қазіргі таңда Абай облысының әкімдігі 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулын қайта қарап, оны іске асыру әлеуеті жоғары жалпы сомасы 2,2 триллион теңгені құрайтын және 7,7 мың жұмыс орнын ашатын 28 жобаға дейін ұлғайтты. 2024 жылы 470 жұмыс орнын құрумен 12 жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Прокурорлық сүзгі» жобасы бизнесті дамытуға және оның кеңеюіне инвестиция салуға мүмкіндік береді. Қадағалау органының өкілдері инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, туындаған мәселелерді жедел шешіп отыр. Мәселен, бүгінде Абай облысының прокуратурасы 4 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғап, салықты өндіру мақсатында 7 заңсыз тексеру мен 283 салық ұйғарымының күшін жойып, 1800 келісімге сәйкес шаруалармен жерді жалға беру шарттарын өзгертті.
Сонымен қатар, отырыс барысында бейнебақылау камераларының тиімділігі мен олардың қылмысқа әсері, алаяқтық пен қаржылық пирамидалардың заманауи түрлерінің алдын-алудың кешенді жоспарын әзірлеу және бекіту мәселелері талқыланды.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі