Сарбаздардың ана тілге деген құрметі бөлек
21 ақпан - Халықаралық Ана тілі күніне орай Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінің сарбаздарымен «Ана тілім - асыл мұрам!» атты ашық сабақ өткізілді.
Сабақтың негізгі мақсаты - сарбаздардың елге, ұлтқа, тілге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, тілді ұлттық мұра ретінде сезінуге, тіл мәдениетін сақтай білуге үйрету және тіліміздің қадір-қасиетін бойларына дарыту болып табылады.
Іс-шара барысында сабақты ұйымдастырушы 10810 әскери бөлімінің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маманы Айдана Жақсылықова бұл мерекенің шығу тарихы туралы ақпарат беріп, Халықаралық Ана тілі күнін белгілеудің негізгі себебі тілдердің жойылуының алдын алу және тілдерді сақтап қалу мәселесін шешy екендігін түсіндірді.
Сонымен қатар, сарбаздарға тіл туралы қызықты деректер ұсынды. Тақырыпқа сай қазақ қоғамының көрнекті өкілдерінің ғана емес, орыс халқының түркітанушы ғалымдарының қазақ тілі туралы тұшымды пікірлерімен таныстырды. Қатысушы сарбаздар өз кезегінде ана тілі туралы өз ойларын ортаға салды. Олар ана тілін жетік біліп, оған құрмет көрсету әрбір Қазақстан азаматының міндеті екенін алға тартты.
Шараның сергіту сәті кезеңінде мерзімді әскери қызметшілерге смайликтер арқылы күнделікті тіршілікте пайдаланып жүрген мақал-мәтелдер жасырылды. Бұл кезде қатысушы сарбаздар ойларының ұшқыр екендігін көрсетіп, мақал-мәтелдерді дәл тапты.
Аталмыш сабақтың қорытынды кезеңінде «Ойды толықта!» әдісі қолданылды. Әр сарбаз кезекпен сабақ барысында алған әсерлерімен, тіл туралы пікірлерін білдіріп сабақты қорытындылады. Белсенділік танытып, өз ойын емін-еркін жеткізе білген сарбаздарға сыйлықтар табысталды.