Көкпекті ауданында екі сүт тауарлы ферма мен сүт өңдейтін зауыт ашылады
Көкпекті ауданындағы сүт өндірісімен айналысатын «Өрнек» ЖШС-де 460 басқа арналған екі сүт тауарлы ферма ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев айтты.
- Өткен жылдың соңында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев «Өрнек» ЖШС-де болып, жұмысымен танысты. Алдағы жылдары серіктестікте барлығы 920 басқа арналған екі сүт тауарлы ферма жұмысын бастайды. Келесі жылы сүт өңдеу зауытын ашу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша, күніне 30 тонна сүт өндіріп, Семей қаласы мен өзге аудандарға сатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарлы шаралар 2023-2024 жылдары жүзеге асады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар мақұлданып, ауыл шаруашылық басқармасымен келісілді,- деді аудан әкімі.
Айта кетейік, ауданда асылдандыру бағытында, симментал тұқымды сүтті бағыттағы және герефорд - қазақтың ақбас тұқымды етті бағыттағы ірі қара малдары өсіріледі. Өткен жылы ауданда 8 мың тоннаға жуық ет, 51 мың тоннаға жуық сүт, 5800 дана жұмыртқа өндірілген.
Тағыда оқыңыз