Бобровка кентінің тұрғындары наурыз мерекесін тойлауда
Әз-Наурыз мейрамы Семей қаласының барлық аумағында кеңінен аталып өтуде. Ал Бобровка кентінің тұрғындары үшін Наурыз мерекесі биыл ерекше. Себебі, бұл ұлы мереке алғаш рет Бобровка кентінде ауқымды деңгейде ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімі Н. Нұрсағатов арнайы қатысып, тұрғындармен бірге жаңа жыл мерекесін тойлады.
«Барша қала тұрғындарын әз наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл жаңа бақыт, жаңа қуаныш әкелсін. Семей қаламыз өсіп көркейе берсін. Баршаңызға мәлім, биыл наурызнама бағдарламасы бойынша мерекені он күн тойлаудамыз. Кешегі күні мереке қарсаңында 77 отбасы баспаналы болды. Ал бүгін қаламыздың 5 жерінде мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Басты мерекелік шара ертең орталық алаңда жалғасады» - деп қала әкімі тұрғындарды жаңа жылмен құттықтап, наурыз мерекесін тойлауға шақырды.
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға келген тұрғындар мен қонақтар мерекелік концерттік бағдарламалар тамашалады. Садақ ату, гір көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен күш сынасты. Сонымен қатар, Наурыз жәрмеңкесі ұйымдастырылып, алаңға келген барша қауымға бауырсақ, наурыз көже және ыстық тағамдардан да дәм ұсынылды.
Ұлттық ойындарымыздан бөлек, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында қазақы әдет-ғұрыппен салт-дәстүрлеріміздің көріністері көрсетілді.