Облыста экономикалық әлеуетті арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қаламыздағы бірнеше өндіріс және кәсіпорындарда болып, олардың қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму мүмкіндіктерімен танысты, - деп хабарлайды 018.kz тілшісі Мадина Айдарова Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпорындар отандық нарықта жақсы көрсеткіштерге ие, алайда алдағы жобаларды табысты іске асыру үшін оларға қолайлы жағдай мен қолдау қажет.
Мысалы, «Daewoo BUS KAZAKHSTAN» ЖШС өкілдері кәсіпорнының тұынушылары «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингпен өнім сатып алатын автобус парктері екенін ескере отырып, автобус лизингін қаржыландыру және сату көлемін арттыру үшін Қорға қосымша қаражатын бөлуге жәрдем көрсетуді сұрады.
Бүгінгі таңда «СемАз» ЖШС зауыттың өндірістік қуаттылығында аз тоннажды «HINO» маркалы автомобильдерін шығарады; «BELARUS» маркалы тракторлар, «SHACMAN» және «DONGFENG» жүк автомобильдері, «ZHONGTONG» және «DONGFENG» қалалық үлгідегі автобустар, «Урал» маркалы жоғары өтімді және арнайы мақсаттағы автомобильдер. Зауыттың өндірістік қуаты екі ауысымдық жұмыс режимінде: «Беларусь» тракторлары – 3 500 бірлік, жүк автомобильдері – 10 000 бірлік, автобустар – 1 200 бірлік.
«Семей машина жасау зауыты» АҚ жүк вагондары, жылжымалы құрамның жиынтықтары, тіркеме техникасы сияқты өнімдерді өндіру әлеуетіне ие. «Қазполиграф» ЖШС пюр пак және тетра пак типті қаптамаларды өндіруді кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сапар барысында облыс әкімі осы бағыттарда тиісті тапсырмалар берді.