Семейде жайлы ортаны дамыту үшін жұмыстар жүргізілуде
Семейде жайлы қалалық ортаны дамыту аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы қарастырылған , - деп хабарлайды 018.kz тілшісі Мадина Айдарова Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты іс – шаралардың қатарында 50 аула аумағын абаттандыру, 4 қоғамдық кеңістікті қайта жаңғырту, көгалдандыру және т. б. бар.
Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің жіті назарында болғандықтан, ағымдағы жағдайды зерделеу үшін тұрақты қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев кезекті мәрте осындай бірнеше нысанды аралап, олардағы жұмыс барысымен танысты. Атап айтқанда, аспалы көпір астындағы қаламыздың сол жағалауындағы кеңістіктегі атқарылған істерді көзімен көрді. Абаттандыру жұмыстары өткен жылы басталған бұл алаң қала тұрғындары үшін танымал демалыс орындарының біріне айналды. Мұнда өткізілетін әр түрлі іс-шаралар немесе спорттық жарыстарды көрермендердің еркін тамашалауы үшін қолайлы жағдай жасалған. Ойын алаңдары, фитнес аймақ және баскетбол алаңдары, кофе ішуге арналған орын бар.
Ал, қаламыздағы Мәңгілік Ел мен Жамақаев көшелерінде атап айтқанда арнайы алаңдар, спорт секторлары, демалыс аймақтары, балалар ойын алаңдары және жарықтандыру құрылғыларымен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады.
Сондай-ақ, облыс басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Қарағайлы» ауданында салынып жатқан білім мекемесі және «Қазминералс» компаниясы есебінен салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылыс басында болып, жұмыс барысымен танысты. Білім мекемелері өз есігін шәкірттерге жаңа оқу жылында айқара ашады деп жоспарлануда. Сонымен қатар әкім орталық «Спартак» стадионындағы жөндеу жұмыстарының барысын көзімен көрді.
Нысандарды аралау барысында қала әкіміне, тиісті облыстық басқармалардың басшыларына орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды күшейту және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.