Бесқарағай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылды
Бұл күнгі шараға 5 мыңға жуық бескарағайлық қатысты, - деп хабарлайды 018.kz тілшісі Мадина Айдарова Бесқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл көшелерін жинау акциясы алдымен Бесқарағай ауылында басталды. Науқанның алғашқы аптасы «Таза өлке» тақырыбында өрбуде. 13 сəуірге дейін созылатын жеті күндік аймақ саябақтарын жасылдандыруға бағытталған. Қолын күрек ұстағандар қатарында сан саланың мамандары бар.
Аханов Нұрлан тоғызқұмалақ спорт түрінен спорт шеберіне үміткер: Өзге өлкеде жүрген кезде өз туған жеріңмен салыстырасың. Өйткені біздің туған жер расында табиғаты бай өлке. Ауданымызды ары қарай көркейту бағытындағы осындай акцияларға қатысу керек және бүкіл жерлестерімізді осыған шақырамын.
Ерекше экологиялық шараға 8 мыңнан астам адам қатысты. Бес апта бойы 230-дан аса көшені көріктендіру, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүруде. Алдағы аптада тарихи орындарды тазалау жұмыстары жоспарланған.
Асылханов Қайрат, аудан тұрғыны, Ауған соғысының ардагері: Игі іс-шарадан қалыс қалмай, таңмен таласып өз көшемізді тазарту жұмыстарына ат салыстық. Таза ел болу, таза болашақ болу – бірлігі жарасқан елдегі осындай бір үлкен игі іс-шараның басында болуды өзіміз сондай мәртебе санаймыз.
Мамыр айының ортасына дейін жалғасатын акция аясында Бесқарағай ауданында 8 мың түп тал-дарақ отырғызылмақ. Оның 5 мыңнан астамы аудан шетіндегі шалғай ауылдарға егіледі. Сондай-ақ, 5 мыңнан астам түрлі гүл отырғызу жоспарда.