Қазақстандық оқушылар дүниежүзілік ең үлкен ғылыми-инженерлік REGENERON ISEF 2024 конкурсына аттанды
Үш қазақстандық жас инженер Лос-Анджелесте әлемнің 70-тен астам елінен келетін 2 000 оқушы арасында жүлде қоры 9 млн. $ құрайтын Regeneron ISEF 2024 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік байқауында бақ сынайды.
Қазақстан құрама командасының мүшелері биылғы оқу жылының республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңінде іріктелді, олар:
Әлихан Жарболов – Алматы қаласындағы РФММ 11-сынып оқушысы, өзінің математикалық жобасымен;
Әбілмансұр Рахметтуллаев – «Haileybury Astana» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы, информатика пәнінен;
Саяжан Жақсығалиева – Астана қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы, химия пәнінен ғылыми жобамен қатысады.
Конкурстың салтанатты ашылу рәсімі 13 мамырда Тынық мұхиты уақыт белдеуі бойынша сағат 19.00-де өтеді.
Анықтама үшін: Regeneron ISEF - 13 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушыларының ғылыми және инженерлік жетістіктерінің дүниежүзілік көрме-конкурсы. Ол жас ғалымдарды анықтау мен қолдауға, қолданбалы және іргелі ғылымдар саласындағы зерттеулерді дамытуға бағытталған.