Қорғаныс министрлігінде әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау мәселелері талқыланды
Алғыс айту күні Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет басшыларымен кездесті.
Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев қызметтердің миссиясы әскери қызметшілердің отбасындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту және әл-ауқатын сақтау екенін атап өтті. Сондықтан, әскери қызметшілерді жаңа қызмет орнына ауыстыру кезінде отбасы өмір сүретін тұрмыстың жай-күйін білу және балаларын білім беру мекемелеріне орналастыруға, ерлі-зайыптылардың жұмысқа орналасуына байланысты сұраныстарға ден қою қажет деді.
Полковник Тілеухан Басқожаев сондай-ақ, әскери қызметшілердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, отбасы мүшелерін мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға тарту қажеттігіне де назар аударды.
Өз кезегінде Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова жас және көпбалалы отбасылармен жұмыс істеу, олардың білім беру, медициналық және мәдени қажеттіліктерін есепке алу туралы мәліметтермен бөлісті.
Кездесу соңында әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев әйелдер кеңесінің өкілдеріне белсенді жұмысы үшін алғыс айтып, келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.