Семейде «Ару көктем» атты мерекелік салтанатты жиын ұйымдастырылды
Семей қаласының көркеюі мен дамуына үлес қосып жүрген нәзік жанды әйелдер қауымы әр салада еңбек етуде. Бірі өз кәсібін ашып, бірі ауыр өндіріс орындарында жұмыс істесе, енді бірі мемлекетке қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, медицина және білім сияқты басқа да салалардың дамуына ат салысып жүрген аналар мен қыздар баршылық. Барлығы әртүрлі салада еңбек етсе де, әрқайсысының мүддесі халқына адал еңбек ету.
Шаһар басшысы өз құттықтау сөзінде қаламызға қалтқысыз қызмет жасап жүрген қарапайым жұмысшы әйелдер қауымының еңбегінің зор екендігін атап өтіп, бірнеше нәзік жандыға 100 000 теңге көлімінде қаржылай сертификаттар мен гүл шоқтарын табыстады.
Марапатталғандардың арасында агроном, әлеуметтік қызметкер, ұстаз, дәрігер, кітапханашы, полиция лейтенанты, радиотелефонист және сылақшы, кондуктор сынды қарапайым еңбек адамдары да бар.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында қаламыздың өнерпаздары өнер көрсетіп, аналардың құрметіне ән шырқады.
Естеріңізге сала кетейік, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар осы аптаның соңына дейін жалғасады.