28 қыркүйек күні Семейде жалпықалалық сенбілік өтеді
Ол туралы әкімдік аппаратының кеңейтілген отырысында Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында осы сенбіде жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылады. Және сенбілікті әр сенбі сайын тұрақты өткізу жоспарлануда. Нұрбол Нұрсағатов бөлім басшылары мен жауапты ұйымдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне мердігер ұйымдармен бірлесіп абаттандыру элементтерін тиісті жағдайға келтіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Сенбілікті өткізу кезінде автокөліктер мен тиегіштердің санын көбейту керектігі қозғалды.
Семей қаласының полиция басқармасына қала әкімі ұйымдар мен жеке тұлғалардың іргелес аумақтың санитарлық жай-күйін сақтауына бақылау жүргізуді тапсырды.
Жер қазу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдарға қазба жұмыстарын ретке келтіру қажет болады.
"Бұл тек мемлекеттік кәсіпорындар ғана емес, бұл жеке тұлғаларға да қатысты. Қажет болған жағдайда әкімшілік шараларды қолдану керек", – деп тапсырды Нұрбол Нұрсағатов.
Тұрғын үй инспекциясы бөліміне, сәулет бөліміне және кәсіпкерлік бөліміне тұрғын үйлердің және басқа да ғимараттардың қасбеттерін, тұрғын үйлердің, қоғамдық ғимараттардың, сауда орындарының, кеңселердің, өндірістік ғимараттар мен құрылыстардың аулалық және қасбеттік аумақтарын тиісті жағдайға келтіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Қала әкімінің бастамасымен тазалау жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында әкімдіктің әрбір бөліміне бөлінген белгілі бір сектор бекітілді.
Сонымен қатар, жеке меншік иелері, барлық меншік нысандарының басшылары (ЖШС, ЖК және т.б.), сондай-ақ, гараждар, үйлер, саяжайлар, бау-бақша кооперативтерінің төрағалары аумақты тазалаумен айналысуы керек.