Көкпекті ауданының әкімі қараусыз қалған лагерьдің жұмысымен танысты
Көкпекті ауданында көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйінді мәселенің бірі – балалардың жазғы демалыс орны. Талай мәрте көтеріліп, айтылып, жазылғанмен қараусыз қалған бұрынғы балалар үйінің лагерін қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарылмады.
Жаңадан сайланған аудан әкімі Әділет Қожанбаев бұл мәселемен жеке танысу мақсатында 28 тамыз күні бұрынғы балалар үйінің лагеріне арнайы барды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Аслан Танысбаев, қаржы бөлімінің басшысы Әзілхан Құспеков, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Диас Ордахановпен бірге балалар лагері аумағын аралап, бүгінгі жағдайын көзімен көрді.
Көкпектіліктер үшін ыстық болып кеткен бұрынғы балалар үйінің лагері 2016 жылы жабылды. Бастапқыда нысан Жақия Шәйжүнісов атындағы орта мектептің балансына қойылған. 2020 жылы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сырты қоршалып, спорт алаңдары жаңғыртылған. Алайда жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды. Бүгінгі күні лагерь аудандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің теңгерімінде. Бұрын пайдаланылған екі жатақхана, әкімшілік ғимарат пен асхана қаз-қалпында тұр. Тонаудан сақтау үшін есік-терзелері алынып, сақтауға Ж.Шайжүнісов мектебіне қойылған.
Аудан әкімі Әділет Нұрсағатұлы жауапты сала басшыларына лагерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге жобалау сметалық құжаттар дайындауды тапсырды.