Ақсуат ауданында гемодиализ орталығы ашылады
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Ақсуат ауданының тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткізді. Кездесу барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып, тұрғындар тарапынан түскен көкейтесті сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Ауданда инфрақұрылымды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Қарағанды-Аягөз-Боғаз-Кіндікті» автожолын орташа жөндеу жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ гемодиализ орталығы мен жүктілік патологиясын ерте диагностикалау орталығын ашу жоспарлануда.
Медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тоғыз жаңа медициналық мекеме салынуда. Үштөбе ауылында дәрігерлік амбулатория, Екпін, Кіндікті ауылдарында фельдшерлік пункттер салынуда. Алдағы уақытта Мүрсәлім, Қызылжұлдыз, Көктүбек және басқа ауылдардағы фельдшерлік пункттерді заманауи жабдықтау жұмыстары аяқталады.
Жол құрылысы саласында да оң өзгерістер бар. Жолдың Кіндікті ауылына апаратын бөлігіне 7,5 шақырым жаңа асфальт төселді. Ақсуат ауылындағы Т.Қалмақбаев көшесіне 3,1 шақырым жаңа жол төсемі төселіп, жұмыс аяқталды. Қызылжұлдыз және Ойшілік ауылдарына кіре берістегі жолдарды жөндеу жұмыстары да аяқталды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы есеп беру соңында азаматтарды жеке қабылдап, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берді. Жеке қабылдауға жазылған тұрғындар электрмен жабдықтау, жарықтандыру, тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмысқа орналастыру, АӘК және т.б. мәселеге байланысты сауалдарын қойды. Аудан басшылығы мен жауапты басқармаларға көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы 2023 жылы ауданда екі мәрте – халықпен кездесіп, есеп берген. Сол кездесулерде 11 адамнан 17 сұрақ, жеке қабылдауларда 26 азаматтан 27 сұрақ түскен. Аталған мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапты. Енді біріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Барлық мәселелер облыс әкімінің бақылауында.