Облыс әкімінің орынбасары Мақаншыдағы материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігін атап өтті
Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев жұмыс сапарымен Мақаншы ауданына барды. Сапар барысында әлеуметтік мәселелерді шешуге, білім беру, спорт, мәдениетті дамытуға, сондай-ақ ономастика бойынша жұмыстарға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері көтерілді. Конфессияаралық және ұлтаралық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін шараларға ерекше назар аударылды
Бақты ауылында Бейсембай Сахариев атындағы орта мектеп-балабақшасы 2016 жылы салынған. Білім мекемесінің жалпы ауданы 4387,9 шаршы метрді құрайды. 362 оқушыға арналған мектеп-балабақшаға арнайы атбасын бұрған әкім орынбасары біраз жайтпен қанықты. Мәселен, ғимараттың қабырғасында жарықшақтар пайда болған. Бұл қауіп төндіреді. Осыған байланысты әкім орынбасары күрделі жөндеу жүргізілгенге дейін мектеп блоктарының бірін уақытша жабуды тапсырды.
Сапар аясында Найманбай атындағы орта мектеп те тексерілді. Ауданы 5462 шаршы метр мектеп ғимаратында 1190 бала оқиды. Тексеру барысында парталардың қанағаттанарлықсыз күйде екендігі және ауыстыруды қажет ететіндігі айтылды.
Сондай-ақ, Мақаншы ауылында салынып жатқан 140 орындық жаңа балабақшаның құрылысына да ерекше назар аударылды. Жоба «Ауыл – ел бесігі» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мердігер - «QK SUNQAR» ЖШС. Құрылыс барысын көзімен көрген әкім орынбасары жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Жаңа балабақшада кіші, орта және үлкен жастағы балаларға арналған алты топ, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға арналған дайындық топтары болады.
Ауданның спорттық инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Жасұлан Сәрсебаев 2021 жылы пайдалануға берілген спорт модулінің қызметімен танысты. Спорттық модуль базасында дзюдо, қазақ күресі және еркін күрес түрлері бойынша 14 жаттықтырушының жетекшілігімен 342 бала жаттығуда. Тексеру барысында нысанның ішкі жарақтандырылуы мен спорт жабдықтарын жаңарту қажеттілігіне қатысты мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, Жасұлан Сәрсебаев халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып, ондағы кадр тапшылығы көз жеткізді.
Сапар барысында аудан әкімі мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.