Абай ауданында инфрақұрылымды дамытуда ауқымды жұмыс жүріп жатыр
Абай ауданына басқарма басшыларымен бірге жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев білім, мәдениет және спорт нысандарын аралады.
1965 жылы салынған Қарауыл гимназиясын қайта жаңғыртуға «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қоры 250 миллион теңге бөлді. Нәтижесінде STEM-зертханасы, робототехника, АRT-студиясы, телестудия, спорт залы және акт залын қосқанда 26 кабинет жаңартылды.
Қазір гимназияда 291 мектеп оқушысы білім алса, мектеп жасына дейінгі 38 бала тәрбиеленіп жатыр. Аудан атқамінерлері іргелес аумақта жаңа спорт кешені мен балалардың жазғы лагерін салуды да жоспарлап отыр.
Сапар ауданда 2023 жылдың маусым айынан бері құрылысы жүріп жатқан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған орталықта жалғасты. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан әкім орынбасары нысанды мерзімінде аяқтаудың маңыздылығына тоқталды.
Жасұлан Сәрсебаев 500 орындық аудандық мәдениет үйінде де болды. Мекеме халық шығармашылығын дамыту, олардың бос уақытын тиімді өткізу және мәдени шараларды ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Көкбай ауылында спорт модулінің құрылысы жүргізілуде. Аумағы 0,319 гектарды құрайтын нысанның аяқталуы 2025 жылға жоспарланған. Кеңгірбай би ауылдық округіне қарасты Қарашоқыда 1,4 гектарға балалар лагерінің құрылысы жүріп жатыр. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп көзделген.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Жасұлан Сәрсебаев тиісті басқармаларға нысандардың құрылыс барысын қадағалауды, сондай-ақ жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң сақтауды тапсырды.