Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Көкпекті ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері едәуір ұлғайған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс саласы 202,3% - ға, бөлшек тауар айналымы 111,7% - ға, ауыл шаруашылығы 111,3% - ға, инвестиция - 113,6% -ға жеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаев мәлімдеді.
Көкпектіде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленген. Соған сәйкес ауданның тұрғын үй құрылысына 842,0 млн. теңге бөлінген.
- Қазіргі таңда аудан тұрғындарының саны - 13 мың 416 адамды құрайды. Халықты баспанамен қамту үшін ауданда елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Биылғы жылы ауданның алты ауылында 50 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жалпы, берілген 25 қос пәтерлі тұрғын үйдің ауданы 85 м2-ді құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес тұрғын үй құрылысына 842,0 млн. теңге бөлінді, - деп атап өтті спикер.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен ағымдағы жылы ауданға - 442,8 млн. теңге бөлінген. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру саласын дамытуға мүмкіндік беруде.
- Өздеріңіз білетіндей, ауылдық жерде өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жүргізіледі. Осы бағдарлама шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру саласындағы 13 нысан, көлік инфрақұрылымының 2 объектісі (ауылішілік жолдар) жөнделді. Сонымен қатар, көше жарығы бойынша 12 ауылда 11 жоба іске асырылды, - деді Көкпекті ауданының әкімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі Әділет Қожанбаев Көкпектіде 2 инвестициялық жоба іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Жобаларға 2,2 млрд теңге қаржы бөлінген.
- Ауданда 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бірінші жоба 1,1 млрд.теңге соммасына 1000 басқа арналған сүт-тауар фермасын (СТФ) кеңейту болса, екінші Родниковое кен орнын игеру үшін алтын өндіру фабрикасын салу. Ферманың жұмысын жандандыру үшін қазір Германиядан 349 бас асыл тұқымды симментал сиырлары, 7 бірлік өздігінен жүретін, 5 бірлік тіркеме техникасы және 8 бірлік жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта сүтті тәулігіне 30 тоннаға дейін, жылына – 15000 тоннаға дейін ұлғаяды деген ойдамыз. Алтын өндірісін айтатын болсақ, кен «Родниковое» және «Белая Горка» кен орындарын игеретін жақын маңдағы карьерлерден келеді. Бүгінгі күні расталған минималды қорлар зауыттың кем дегенде 8-10 жыл жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті, - деп қорытындылады Әділет Қожанбаев.