Аймақ басшысы Ақсуат ауданындағы ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысты
Аймақ басшысы ауданға жұмыс сапары барысында Ақсуат, Ойшілік, Құмкөл, Көкжыра ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімі Құмкөл ауылына кіреберістегі көпірді салу жобасымен танысты. Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіровтың айтуынша, Тебіске өзенінің үстінен өтетін көпір қайта салынады. Құрылысты 2025 жылдың сәуір айында бастап, 2026 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған.
Биыл сондай-ақ Ақсуат пен Ойшілік ауылдарының арасын жалғайтын 30 шақырымнан астам жолдың 7 шақырымына асфальт төселеді. Осы жолдың келесі бөлігі – 10 шақырымы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Аймақ басшысы жауапты мердігерлерге жұмысты сапалы атқарып, уақытында аяқтауды тапсырды.
Осы жерде облыс әкімі Құмкөл ауылының ақсақалдарымен кездесті. Елді мекеннің қариялары 1970 жылдары салынған көпірдің орнына жаңа өткел салынатынына ризашылықтарын білдірді.
Аймақ басшысы ауданға жұмыс сапары барысында Көкжыра ауылына да барды. Тұрғындармен пікірлесіп, елді мекеннің өзекті мәселелеріне назар аударды.
Көкжыра ауылының ақсақалдары елді мекенге Мәдениет үйінің қажет екенін айтып, облыс әкімінен көмек сұрады.
Облыс әкімі Ақсуат ауданындағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жалғасатынын айтып, ауылдар да назардан тыс қалмайтынын, жан-жақты қолдау жасалатынын атап өтті.