Өңір басшысы Қайнар ауылындағы әлеуметтік, мәдени нысандарды аралады
Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапары барысында Қайнар ауылындағы әлеуметтік, мәдени нысандардың жағдайымен танысты. Аймақ басшысы Сапарғали Бегалин атындағы орта мектепте болды
1974 жылы салынған ғимаратта қазіргі таңда 150-ге жуық оқушы білім алады. 38 мұғалім еңбек етеді.
Мектепте бірқатар мәселелер бар. Білім ордасы салынғаннан бері жөндеу көрмеген. Облыстық Білім басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, 2027 жылы реновациялау аясында мектепке күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Мектепке қарасты жылу қазандығы ескірген. Ауылдағы мектеп, әкімшілік және Мәдениет үйі осы қазандықпен жылытылады. Қыста жылудың жеткіліксіздігінен мектептің іші суып кетеді.
Облыс әкіміне ауылдағы елді мекендегі барлық әлеуметтік нысандарды жылумен толық қамтамасыз ету үшін қазандықтың қуатын арттыру туралы ұсыныс айтылды.
Аймақ басшысы мектептің кабинеттерін, музейін аралап, жылу қазандығын көрді.
Облыс әкімі Қайнар ауылындағы Мәдениет үйіне де барды. 1986 жылы салынған нысан 300 орынға арналған. Қазіргі уақытта 19 адам жұмыс істейді. 13 үйірме бар. Мәдениет үйінің құрамында «Қайнар» халықтық театры, халықтық әндер мен билер ансамблі және «Мейзек» балалар ансамблі өнер көрсетеді.
Мұндағы негізгі мәселе – жылу тапшылығы. Аймақ басшысы аудан әкіміне қазандықтың қуатын арттыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Қайнар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барып, спорт нысанының жұмысымен танысты.